Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы журналистерге арналған «Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0» жаңа оқулығын шығарып, онлайн курсты бастап отыр

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы журналистерге арналған «Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0» жаңа оқулығын шығарып, онлайн курсты бастап отыр. Жоба Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі мен Конрад Аденауэр атындағы қор қолдауымен жүзеге асты.

«Практикалық журналистика 3.0» оқулығының ерекшелігі – кітап түрінде ғана емес, интерактивті онлайн-курс ретінде желіде де қатар шығып отыр.

Онлайн-курс шеңберінде тараулар мен авторлар үнемі қосылып отырады, ал негізгі деген тараулардағы деректер жаңа мәліметтермен толықтырылып, жаңартылады. Әрбір интернет пайдаланушы курстан өтіп, өз білімін тест және практикалық тапсырмалар көмегімен тексере алады. Барлық тарау қазақ және орыс тілдерінде қатар берілген.

«Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0» 2006 және 2008 жылдары шыққан кітаптың үшінші нұсқасы, онда қазақстандық және шетелдік медиа мамандар мен эксперттер тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне, журналистиканы жаңа бастаушыларға ұсыныстарын жолдайды.

Бірінші басылым 18 автордың мақаласымен 3000 таралыммен шықса, екінші басылым 39 автордың материалымен 5000 данамен жарық көрген. 11 жыл ішінде бұл кітаптар бүгінгі көптеген кәсіби журналистердің қажетіне жарады.

Жаңа басылымға 17 кәсіби практик журналист, редактор, эксперт және заңгердің мақалалары енді.

Бұл кітап пен онлайн-курста медиа саласындағы заманауи трендтерге көбірек көңіл бөлдік, атап айтқанда: фактчекинг пен деректерді верификациялау, мультимедиамен жұмыс, дата-журналистика, БАҚ-қа арналған әлеуметтік маркетинг мәселелері. Басылым жалпы көпшілікке арналған, дегенмен, бірінші кезекте журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне, медиа саласындағы сарапшыларға, PR мамандарына және ақпарат саласында қызмет ететіндердің баршасына пайдалы болмақ.