Қазақстандық құқық қорғаушылар мен медиа ұйымдарға аса үлкен көлемдегі негізсіз айыппұл кесіліп, қызметі тоқтатылып жатыр

Үкіметтік емес ұйымдарға айыппұл салынып, қызметінің мәжбүрлі түрде тоқтатылуы «азаматтық қоғамды дамытуға ден қойдық» деген мемлекет бағытына қайшы. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық абыройына нұқсан келтіреді.

Қазір «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарының әрбіріне 400 АЕК (1 166 800 теңге) көлемінде айыппұл салынып, қызметіне үш айға шектеу қойылды. Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросына 800 АЕК (2 333 600 теңге) мөлшерінде айыппұл кесіліп, қызметі 3 айға тоқтады. “Еркіндік қанаты” ұйымына 100 АЕК (277 800 теңге) шамасында айыппұл салынған.

Осылайша, төрт қана бейүкіметтік ұйымға кесілген айыппұл көлемі 5 миллион теңгеге жуықтады. Таяуда тәуелсіз ұйымдарға салынған айыппұл мөлшері ондаған миллион теңгеге жетуі мүмкін.

2020 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстандағы бірнеше бейүкіметтік ұйым салық органдарынан заңбұзушылықтар анықталғаны туралы хабарлама алған. Ұйымдарға әкімшілік кодекстің 460-1-бабы бойынша, яғни «Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алу және олардың жұмсалуы туралы мәліметтерді беру тәртібін бұзды» деп айып тағылған.

Салық органдары алда тағы бірнеше қоғамдық ұйымның ісін қарайды. Оның немен аяқталарын болжау қиын емес. Бұл жағдай мемлекеттік органдар іске асыратын әкімшілік процестің әлі қалыптаспағанын; құжатта кеткен жөндеу оңай техникалық қателер үшін үлкен көлемде айыппұл кесіп, ұйым қызметін тоқтатуға мүмкіндік беретін 460-1-баптағы 2-бөлімінің ақылға қонымсыздығын көрсетеді.

Мемлекет қоғамдық ұйымдар жұмысын тоқтатып, елдің мыңдаған азаматын қорғалу құқығынан айырып қана қойған жоқ, — қызметі шектелген ұйымдардың жүздеген жұмысшысын табыссыз да қалдырып отыр. 

Осыншама уақытқа қызметі тоқтаған ұйымның шектеу алынған соң қайта жұмыс істеп кетуі неғайбыл. Бірнеше ай материал шығармаған медиажобаның қайта жандануы күмәнді. Солардың бірі — қызметі шектеліп, 5,5 миллион теңге айыппұл салыну қаупі төніп тұрған MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізетін Орталық Азиядағы фактілерді тексеру бойынша алғашқы ресурс Factcheck.kz сайты. Factcheck.kz те мүше саналатын халықаралық фактчекерлер желісінің Нобель сыйлығына ұсынылуы қазіргі ахуалға тағы бір қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

Қоғамдық ұйымдардың қысымға сайлау қарсаңында ұшырағанын айта кету керек. Мұны «саяси қысым» деп атауға толық негіз бар. Бірнеше халықаралық ұйым мен дипломатиялық миссия ахуалға алаңдаушылық танытып отырғанын мәлімдеді.

Салық органдары ұйымдардың халықаралық донорлардан алған гранттарының қаржылық есебін уақытылы не бірер қатемен өткізуін, техникалық ақауларды «заңбұзушылық» деп танып отыр. Көп ұйымның «қатесі» валюта бағамының айырмашылығы мен ұйым шотына түскен ақшаны емес, келісім-шартта көрсетілген соманы көрсетуден кеткен. Шетелден қаржыландыру есебін өткізу ережесінің өзгеруінен де проблема туып отыр. Яғни, есептегі қате қасақана бұрмалаудан емес, талаптың өзгеруінен кеткен.

Органдар «заңбұзушылық» деп атаған бұл қателердің салық төлемдеріне не салық есебіне қатысы жоғын, келеңсіздіктен бюджетке ақша түспей қалмағанын, ешкімге залал келмегенін айта кеткен жөн. Ақпараттық сипаттағы есеп қылмыстық пиғылмен жасалған бұрмалау болмаса да, кесілген жаза тым ауыр. Заңға сай, мұндай заңбұзушылық бойынша кейінгі 2 айдағы әрекет үшін ғана әкімшілік жазаға кесуге болады. Бірақ салық органдары бұл істі «салық заңбұзушылығы» ретінде қарастырып, кейінгі 5 жылды тексеріп отыр.

Мемлекеттік кіріс органдары қатені жөндеу мүмкіндігін елеместен, тәуелсіз ұйымдарды жазалауға бейіл екені байқалады. Қысымға ұшыраған бейүкіметтік ұйымдар тиісті өзгертуді енгізсе де, салық органдары «заңбұзушылықты» «қате ақпарат беру» ретінде қарастырып, техникалық қателер әлдеқашан реттелгенін елемей отыр.

Салық органдарының қоғамдық ұйымдарға мұндай қатынасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтқан «азаматтық қоғамды дамыту» туралы мәлімдемесі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің президент тапсырмасымен 2025 жылға дейін Азаматтық қоғамды дамыту концепциясына деген сенімді азайтады.

Қосымша ақпарат:

Айна Шорманбаева +77015168787  ilifoundationkz@gmail.com 

Думан Смақов +77026292866 smakov@medianet.kz

Әділ Жалилов +77774444344 jalilov@medianet.kz