MediaNet Халықаралық журналистика орталығының Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтіні туралы ресми мәлімдемесі 

04.10.2024
Алматы қ.

«MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры ҚР Орталық сайлау комиссиясының (ҚР ОСК) Қазақстанда АЭС салу және республикалық референдумге қатысты DEMOSCOPE қоғам пікірінің экспресс-мониториң бюросына сауалнама жүргізу туралы MediaNet хабарламасын қараудан бас тартуымен келіспейді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес MediaNet Халықаралық журналистика орталығы қоғам пікіріне, оның ішінде сайлау және референдум тақырыбы бойынша 2012 жылдан бері үнемі сауалнама жүргізеді. Бұған ҚР ОСК-нан бұрын алған ресми хабарламалар дәлел (27.06.2019 ж. №ОСК-580-133/1217, 03.03.2023 ж. №ОСК-402/346).

Алайда, ҚР ОСК хабарламаны қараудан бас тартудың негізі ретінде (01.10.2024 жылдан бастап) «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 7-1-бабына сілтеме жасайды, оған сәйкес республикалық референдумға байланысты сауалнама референдумды дайындау және өткізу кезеңінде жүргізілуі керек. Алайда сауалнама жүргізу туралы хабарлаған кезде, ҚР Орталық сайлау комиссиясынан жауап алған кезде заңда көрсетілген мерзім әлі аяқталмаған еді. Сәйкесінше, ҚР Орталық сайлау комиссиясы оң шешім қабылдаған жағдайда, сауалнама заңда белгіленген мерзімде өтер еді.

Сондай-ақ, ҚР ОСК «Республикалық референдум туралы» – «Республикалық референдумды қамтамасыз ету» Конституциялық заңының 8-бабының 3-тармағына сілтеме жасайды. Бұл тармаққа сәйкес, “Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттiк органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады”.

Шетелден қаржыландырылатын сауалнама мен сауалнаманың өзін референдум өткізуді қамтамасыз етуге қатысты іс-шаралармен теңестіруге болмайтындықтан, ҚР ОСК заңнаманың нормаларын дұрыс түсіндірмейді деп санаймыз. Сондай-ақ, қоғамдық пікір сауалнамасы референдумды қамтамасыз ету шараларына ешқандай әсер ете алмайды.

Сауалнама өткізу «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттелетінін, оған «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» мен DEMOSCOPE қоғам пікірінің экспресс-мониториң бюро жобасы толығымен сәйкес келетінін еске саламыз.

Осылайша, біз ОСК шешімі ашықтық қағидаттарын бұзады және қоғамның Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдау я болмаса қарсы болу туралы балама сенімді ақпарат алу мүмкіндігін шектейді деп санаймыз.

Біз ҚР ОСК осы мәлімдемені елеп, сауалнама жүргізуге тыйым салу туралы шешімін қайта қарастыруға шақырамыз. Шешім қабылдау кезінде азаматтардың шынайы ақпарат алудағы мүддесі, сондай-ақ билік пен азаматтық қоғам арасындағы өркениетті диалогтың керек екені ескеріледі деп ойлаймыз.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімімен келіспейтіні туралы ресми мәлімдемесі