
Астанада «Масс медиа» туралы заң аясында туындауы мүмкін цифрлық сын-қатерлер талқыланды
2025 жылғы 24 маусымда Астанада «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры Еуропалық Одақ пен «Ашық Қоғам» қорларының қолдауымен «Масс медиа» туралы заң аясында туындайтын цифрлық сын-қатерлер тақырыбында дискуссия өткізді.
Іс-шара мемлекеттік органдардың, медиа саласының, құқық қорғау ұйымдарының және салалық сарапшылардың басын қосып, жаңа заңның негізгі ережелері мен оның қарқынды дамып жатқан цифрлық ортада іске асырылу жолдарын ашық талқылауға мүмкіндік берді.
Талқылау барысында қатысушылар келесі маңызды мәселелерге тоқталды:
- бірыңғай медиаплатформаның жұмысы және оның медианарыққа әсері;
- цифрландыру жағдайында журналистердің жеке деректерін қорғау;
- журналистерді цифрлық қауіп-қатер мен киберқудалаудан қорғау;
- жаңа заң аясында онлайн-БАҚ, жаңалық сайттары мен әлеуметтік платформаларды реттеу ерекшеліктері.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының міндетін атқарушы Анар Мұқатаева цифрлық технологиялардың дамуына қарамастан онлайн кеңістікте журналистер толықтай қорғалмағанына тоқталып, былай деді: «Журналистерге қарсы бағытталған цифрлық буллинг оқиғаларының куәсі болып жүрміз… Өкінішке қарай, қазіргі құқықтық тетік мұндай әрекеттер үшін нақты жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермейді. Біз бұл мәселені жақсы түсініп отырмыз және оны заңнамалық деңгейде реттеу бойынша жұмыс істейміз».
«Media Qoldau» заң қызметінің жетекшісі, «Құқықтық медиа орталығының» заңгері Гүлмира Біржанова «Масс-медиа туралы заңда» журналистердің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер жеткіліксіз екендігін атап өтті: «Қазақстанда журналист жұмысына, соның ішінде киберкеңістікте де кәсіби қызметіне кедергі келтіру үшін нақты жауапкершілік енгізілуге тиіс. Қылмыстық кодекстегі баптар журналистерге қарсы жасалатын барлық құқықбұзушылықтарды толық қамти алмайды».
Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, пікірталас модераторы Думан Смақов: «Бүгінгі күні қабылданатын заңдар мемлекеттің мүддесін ғана емес, журналистердің цифрлық кеңістіктегі еркіндігі мен қауіпсіздігін де ескеруі аса маңызды», – деді.
Бұл пікірталас тәжірибе алмасуға, бар тәуекелдерді айқындап, цифрлық дәуірге аяқ басқанда құқықтық базаны жетілдіру жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Пікірталасты «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры Еуропалық Одақ пен «Ашық қоғам» қорларының қолдауымен ұйымдастырды. Пікірталас барысында айтылған ой-пікірлер ұйымдастырушылар мен серіктестердің ресми ұстанымын білдірмейді.
Қосымша ақпарат үшін байланыс
Бэлла Орынбетова
orynbetova@medianet.ngo