Қазақстан оқушыларының медиа және ақпараттық сауат деңгейі: зерттеу нәтижесі
Қазақстанда Интернетке қосылу мүмкіндігі жылдан-жылға артып келеді. Internet World Stats дерегіне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанға Интернеттің енуі 86% болған. Мұның бір себебі Интернет қызметінің арзандауымен байланысты болуы мүмкін. Интернет желісіне қосылу жаһандық индексінің (Internet Accessibility Index) дерегі бойынша, 2022 жылы Қазақстан желіге кеңжолақты қосылу бойынша интернет-тариф төмен елдердің ішінде 164 мемлекеттің ішінде 5-орында болған: айына 10,8 доллар (2021 жылмен салыстырғанда, 0,7 долларға арзан), мобильді интернет (1Гб) бойынша да солай – 0,8 доллар (2021 жылдан 0,1 долларға арзан).
Қоғамда цифрландырудың қарқынды жүруі мен интернетті пайдаланудың кең тарауы өсіп келе жатқан буынның ақпараттық тұрғыда сауатты болуын талап етеді. Жас ерекшелігіне қарай, сыни пайым мен ақпараттық гигиенаны енді ғана үйрене бастаған мектепте оқитын жастар мейлінше осал топқа жатады.
MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен қазақстандық оқушылардың медиа және ақпараттық сауатты меңгеру деңгейін зерттеу жобасын жүзеге асырды.
Зерттеу 2022 жылдың 23 қыркүйегінде басталып, 20 желтоқсанға дейін созылды. 9-сынып оқушылары арасында онлайн сауалнама жүргізу мәлімет жинаудың негізгі тәсілі болды. Сауалнама Қазақстан мектептерінің оқушыларына өздігінен толтыру үшін жаппай анкета жіберу жолымен жүзеге асты. Сауалнамаға 6800-ден астам оқушы қатысты. Мәліметтерді өңдеп, «тазалаудан» кейін талдау жасау үшін 5922 анкета іріктелді.
«14-15 жастағы жасөспірімдердің 60%-дан астамы желіде үш сағаттан көп уақытын өткізеді»
Зерттеу 14-15 жастағы оқушылардың 92%-ы мобильді интернетті қолданатынын көрсетті. Бұл көрсеткіш қазақша сөйлейтін қыздар арасында сәл жоғары және Интернет желісінде күніне бес сағат және одан да көп уақытын өткізетіндер арасында айтарлықтай төмен.
Уақыт ұзақтығы бойынша Интернетті күнделікті пайдалану құрылымына келсек, сауалнама қорытындысы бойынша, 14-15 жастағы жасөспірімдердің 60%-дан астамы желіде 3 сағат және одан да көп отырады. Интернетті күнделікті пайдалану ұзақтығы ұл балалар арасында аз болса, қыздар арасында, керісінше, көбейгенін көруге болады.
Мұндай тенденция оқу тіліне қатысты да байқалады. Қазақ тілінде білім беретін мектеп оқушылары арасында Интернетті пайдаланушылардың үлесі уақыт ұзақтығы бойынша азаятынын байқауға болады. Ал орыс тілінде және басқа да тілдерде оқитын оқушылар арасында көбейе түседі.
1-сурет – Әлеуметтік желілер мен мессенджерді қоса алғанда, Интернетті күнделікті пайдалану құрылымы, уақыт ұзақтығы бойынша, %
«10 оқушының 9-ы Интернетті мессенджер мен әлеуметтік желіде отыру үшін күнделікті пайдаланады»
Интернет жасөспірімдер үшін ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге қарым-қатынас құру, өзін көрсету және өзгелерге мойындату тәсілі екені белгілі. Мұны біз жүргізген сауналнама нәтижесі де көрсетіп отыр:
- 10 оқушының тоғызы Интернетті күн сайын пайдаланады, бірінші кезекте мессенджер мен әлеуметтік желіде қарым-қатынас жасайды
- 10 оқушының 8-і күн сайын YouTube қарайды
- Сондай-ақ 10 оқушының 8-і күн сайын желіге оқу және білім алу мақсатында кіреді
Сауалнама қорытындысына сүйенсек, 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында Интернеттегі мейлінше кең тараған әрекеттер мыналар:
- 80-91% – мессенджерлер, әлеуметтік желілер, YouTube сияқты интерактив ресурстарды пайдалану, олар жаңа нәрсені үйренумен қатар, біржақты (комментарий жазу, жарияланым мен жазба жариялау, видео тарату, т.б.) және екіжақты (хабарлама, фото, аудио, видео, т.б. алмасу) қарым-қатынасқа жол ашады. Бұл ресурстар қыздар арасында және орыстілді ортада мейлінше сұраныста.
- 57-79% – танымдық және білім беру ресурстары: үй тапсырмасын орындау барысында ақпарат іздеу, білім беру порталдарын пайдалану, қызығушылығы бойынша ақпарат іздеу. Бұл ресурстар қыздар арасында және қазақша сөйлейтін ортада мейлінше сұраныста.
- 29-55% – көңіл көтеру бағытындағы ресурстар: онлайн ойындар, онлайн кинотеатрлар мен интернет дүкендер. Бұл ресурстар ұлдар арасында және орысша сөйлейтін ортада мейлінше сұраныста.
- 47-49% – жаңалық таратушы ресурстар. Бұлар ұлдар арасында және қазақша сөйлейтін ортада мейлінше сұраныста.
2-сурет – Күнделікті Интернет сеанстың ұзақтығына байланысты Интернет желісі мен әлеуметтік желідегі белсенділік түрлері, %
Біз балалар оқу үлгерімінің төмендігінен туындайтын проблемадан қашып, өзін көрсету үшін виртуал әлемде болуға тырысады, бұл ұзақ уақыт онлайнда болуға алып келеді деген тұжырымды да тексеріп көрдік. Интернетті сағатпен күнделікті пайдалану ұзақтығы құрылымына сәйкес, «барлық сабақтан «4» мен «3» деген баға аламын» деген оқушылар мен «барлық сабақтан «3» және одан төмен баға аламын» дейтіндердің интернетті пайдалану үлесі шамалы жоғары екенін көруге болады (екеуі де 27%, орташа көрсеткіш 25%).
Ал белсенділік түріне қатысты жауаптар ойға қалдырады. «4» және «3» алатын оқушылар мен «3» және одан да төмен баға алатындар арасында онлайн ойын ойнайтындардың үлесі жоғары (36% және 39%, орташа көрсеткіш 28%), көркем фильм көретіндер (22% және 26% пайыз, орташа көрсеткіш 21%), YouTube желісінен видео қарайтындар (55% және 58%, орташа көрсеткіш 52%) да солай.
Осылайша, зерттеу нәтижесі оқу үлгерімі мен Интернет желісіндегі әрекетті таңдау арасында байланыс бар екенін көрсетеді. Алайда, өкінішке қарай, оқу үлгерімі төмен жасөспірімдердің мінез-құлқындағы бұл жағдай құбылмалы ма, әлде көңілі қаламайтын нәрседен қызықты дүниеге назар бұру ма, оны анықтауға мәлімет жеткіліксіз.
«Оқушылар Интернеттен қауіп-қатер бар деп ойламайды»
Виртуал кеңістіктің көмегімен жасөспірімдер жеңіл қарым-қатынас құрумен қатар, араласатын ортасын өздігінен таңдай алады. Дегенмен, балалар жалған ақпарат пен желідегі манипуляциядан туатын қауіп-қатерді жеткілікті деңгейде сезіне бермейді. Соған орай 14-15 жастағы жасөспірімдердің ақпараттық сауат деңгейін желідегі ақпаратты пайдалану машығын бағалау жолымен анықтау маңызды. Бағалау үшін төрт түрлі машықты таңдап алдық. Олар:
- Интернет желісіндегі қауіпсіздік және ақпаратты қорғау принципін сақтау машығы
- Интернет желісінде ақпарат іздеу машығы
- Интернет желісіндегі ақпаратты сыни пайым тұрғысынан қабылдау машығы
- Интернет желісіндегі ақпаратты тексеру және тарату машығы
Бірінші топ 9 көрсеткіш бойынша бағаланды, оның диаграммасы төменде беріліп отыр.
Жалпы алғанда, сауалнама нәтижесі оқушылардың көбі Интернеттегі қауіпсіздікке қатысты негізгі ережелерді білетінін көрсетіп отыр. Сауалнамаға жауап бергендердің 69%-ы екі факторлы идентификацияны қолданады.
Шамамен тағы осыншасы әлеуметтік желіде таныс емес адамдармен байланысқа бара бермейді және таныс емес адамнан келген хабарламаны ашпайды. 66%-ы әр сервиске әртүрлі пароль қолданады. Таныс емес адрестен/адамнан келген хабарлама мен сілтемелерді ашу әдетте ауылдық жерде тұратын, қазақ тілінде білім беретін мектепте оқитын ұл балаларға тән екенін айта кеткен жөн. Әр сервиске әртүрлі пароль қолдану, вирусқа қарсы бағдарламаларды пайдалану орыс тілінде білім алатын ұл балаларға көбірек тән.
Сонымен бірге, зерттеу оқушылардың Интернетті қауіп-қатер көзі деп қабылдамайтынын көрсетіп отыр. Сауалнамаға жауап берген екі баланың біреуі желідегі қауіпсіздік ережесіне аса назар аудармауының себебін Интернетте жасыратын ештеңем жоқ деп түсіндіреді. Қазақ мектебінде оқитын оқушылар арасында мұндай пікірдегілер орыс мектебінің оқушыларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары (52% және 28%).
Сонымен қатар, мұндай пікір әдетте Интернетте күніне екі сағатқа дейін ғана отыратын оқушыларға тән (44%, орташа көрсеткіш 40%).
Жасөспірімдердің 62%-ы әлеуметтік желідегі аккаунттарына ата-анасы кіре алмайтынын айтуы назар аудартады. Әр үшінші бала ғана (34%) Интернеттен қажет ақпаратын таба алмаған жағдайда ересектердің көмегіне жүгінеді, ал 38%-ы ақпараттың растығына күмән туғанның өзінде де ата-анасынан көмек сұрамайды. Бұл, әсіресе, орыстілді ортаға және Интернетте күніне 5 сағат және одан да көп уақыт отыратындарға тән (20% және 19%, орташа көрсеткіш 29%).
3-сурет – Интернет желісіндегі қауіпсіздік және ақпаратты қорғау принципін сақтау машығы, %
«82%-ы қажет ақпаратты іздеу және желідегі қажет дереккөзді анықтау кезінде қиналмайды»
Екінші топ бойынша (Интернет желісінде ақпарат іздеу машығы) төменде көрсетілген 7 тұжырымға баға берілді.
Нәтижесін айтар болсақ, оқушылардың басым көпшілігі (82%) қажет ақпаратты іздеу және желідегі қажетті дереккөзді анықтау кезінде қиналмайды. Сондай-ақ, сауалнамаға жауап бергендердің көпшілігі Интернетте ақпарат іздеу көп уақытты қажет етпейтінін айтқан. Дегенмен, орыс мектебінде оқитын, үлгерімі жақсы ұл балалар арасында ақпарат іздеуде қиындық азырақ кездесетінін айта кету керек.
Оқушылардың көпшілігі іздеу парағының алғашқы бетін қараумен шектелмейді. Алғашқы іздеу нәтижесіне сенім арту көбіне-көп оқу үлгерімі төмен, Интернетте күніне екі сағаттан аз уақытын өткізетін ұл балаларға тән.
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы мейлінше тәжірибелі адамдардың көмегіне жүгінбей, өз бетінше іздеуді жөн көреді. Алайда негізінен сұрауды жалпылама жазады, қосымша сүзгілер мен арнайы белгілерді пайдаланбайды.
4-сурет – Интернет желісінде ақпарат іздеу машығы, %
«Желідегі белсенділікке бақылау бар екеніне жеткілікті назар аудармайды»
Үшінші топ бойынша бағалау үшін респонденттерге 8 тұжырым ұсынылды. Алынған мәліметтер оқушылардың көпшілігі жазылымдар мен әлеуметтік желідегі адамдарды белгілі бір уақыт аралығында тазалап отыратынын, алайда желідегі белсенділікке бақылау бар екеніне және лентада біртекті ақпарат пайда болуы мүмкін екеніне назар аудармайтынын көрсетті.
Ақпаратты сыни пайым тұрғысынан қабылдау машығы әдетте ұсыныс түрінде шығатын терезелер мен ұсынымдарға назар аудармау, әртүрлі ақпарат көзін пайдалану және түрлі көзқарасты салыстыру түрінде көрінеді. Дегенмен, оқушы Интернетте неғұрлым аз уақытын өткізген сайын бұл машығы да әлсірей беретінін аңғаруға болады.
Сенімді ақпарат көздерінің тізімін жасау тәжірибесі тұрақты емес екені байқалады. Сенімді ақпарат көзі бар екенін айтқан оқушылар көбінесе қалада және орыс мектептерінде оқиды, сонымен бірге олардың көпшілігі Интернетте күніне 5 сағат және одан да көп уақытын өткізетіндер.
Бір жаңалықты көргеннен-ақ оқиғаға қатысты көзқарас қалыптастырып үлгеретіндер көбінесе ауылда және қазақ мектебінде оқитын қыз балалар.
Оқушылардың басым көпшілігі жалған ақпарат пен рас ақпараттың ара-жігін ажырата алады (70%). Бұл ретте, әсіресе, қала мектептерінде оқитын ұл балалар өзіне сенімді екені байқалады.
Мұндай сенімділікті оқушылар желіден алынған ақпарат көп жағдайда күмән тудыратындықтан, оны таратпас бұрын басқа дерек көздеріндегі ақпаратпен салыстыратынымен түсіндіреді. Желідегі ақпаратқа сенімсіздік көп жағдайда оқу үлгерімі жақсы, Интернетте күніне 2 сағаттан аз отыратын қыз балаларға тән екенін атап айтқан жөн.
5-сурет – Интернеттегі ақпаратты сыни пайым тұрғысынан қабылдау машығы, %
«Фактчекинг жасайтын арнайы сервистерді пайдалану машығы кең тарамаған»
Интернет желісіндегі ақпаратты тексеру және тарату машығы 8 тұжырым бойынша бағаланды (6-сурет).
Сауалнама нәтижесіне сүйенсек, оқушылардың 72%-ы фактчектің негізгі құралдарын біледі – олар жарияланымды басқа адамға жібермес бұрын дерек көзіне және жарияланған күніне назар аударады. Сондай-ақ, Интернетте жалған ақпаратты таратқаны үшін заң алдында жауап беруге тура келетінін оқушылардың көпшілігі біледі (68%).
Дегенмен, фактчекинг жасайтын арнайы сервистерді пайдалану машығы кең тарамаған (29%). Көп жағдайда мұндай ресурстарды оқу үлгерімі төмен, Интернетте күніне 2 сағаттан аз уақытын өткізетін ұл балалар пайдаланады екен.
6-сурет – Интернет желісіндегі ақпаратты тексеру және тарату машығы, %
Қорыта айтқанда, зерттеу өсіп келе жатқан ұрпақтың күнделікті өмірінде Интернеттің рөлі маңызды екенін тағы да бір рет еске салды. 14-15 жастағы жасөспірімдердің 60%-дан астамы күнделікті 3 сағат және одан да көп уақытын желіде өткізеді. Бірінші орында (80-91%) мессенджерлер, әлеуметтік желілер, YouTube сияқты интерактив ресурстар тұр, бұлар қандай да бір ақпаратпен танысуға мүмкіндік берумен қатар, екіжақты немесе біржақты қарым-қатынас құруға да жол ашады.
Сауалнамаға жауап бергендердің көпшілігі құпиялық маңызды екенін айтқанымен, зерттеу нәтижесі жасөспірімдер арасында Интернет жеке деректердің сақталуына айтарлықтай қауіп төндірмейді деп санайтындар көптігін көрсетеді. Дегенмен, салыстырмалы түрде алғанда, фактчекинг ресурстары аса кең тарамаған, оларды оқушылардың 29%-ы ғана білетін болып шықты.
Осыған орай ақпаратты тексеру және сыни ойлауды күшейтуге баса назар аудара отырып, оқушы жастар арасында медиа сауат деңгейін көтеру курстары қажет болуы мүмкін деген ой түюге болады.
ҚАЗ_Медиа_и_информационная_грамотность_школьников_слайды_2Ольга Симакова
Серік Бейсембаев
——————————————
Қазақстан Республикасы мектептерінің 9-сынып оқушылары арасында медиа және ақпараттық сауат деңгейін зерттеуді Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің көмегімен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы 2022 жылдың қыркүйек-желтоқсан айында жүзеге асырды.
Мақаладағы кез келген мәліметті пайдалану үшін міндетті түрде материалға гиперсілтеме беру керек.
Қосымша ақпарат алғыңыз келсе:
Алёна Кошкина, MediaNet ХЖО медиа сауат бағдарламасының жетекшісі, alyona@medianet.n