Түркіменстанда медиа сауат пен фактчекиңді дамыту

Factcheck.kz журналистері Түркіменстанның 52 медиаэкспертіне трениң өтті

2024 жылдың 2-4 сәуірі аралығында Factcheck.kz редакциясы Ашхабадта трениң өткізді. Шара Turkmenistan media Literacy 2024 бағдарламасының аясында өтті. Бағдарламаны Түркіменстандағы АҚШ Елшілігі қолдады. Жобаның негізгі мақсаты – медиа, ақпараттық сауат және фактчекиң бойынша сарапшылар қауымдастығын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесу.

MediaNet/Factcheck.kz басшысы Әділ Жалилов мұндай трениңдер ұзақ мерзімде өткізудің маңызды екенін атап өтті. Ол осы бастамаға қатысқанына ризашылығын білдірді: “Түркіменстан өзінің сұлулығымен, тазалығымен, ең алдымен адамдарымен таң қалдырды. Трениңге қатысушылар жан-жақты және көп ақпараттан хабардар екен. Көбінің медиа сауат деңгейі өте жоғары. Олар жақын арада маңызды және қызықты жобаларды жүзеге асырады деп сенемін. Бұған тек уақыт керек. Көп әлеуметтік желі мен сайттың ашылмағанына қарамастан, адамдар жағдайға бейімделіп, шешім тауып, ақпаратқа қол жеткізеді. Ашхабадқа барған сапарымыз ақпаратқа еркін қол жетікізудің өте маңызды екенін тағы да растады”.

Үш күн ішінде трениңге қатысушылар ақпараттық гигиена концепциясы мен қағидаттарына, әлеуметтік медианың мүмкіндіктері мен қауіптеріне, фактчекиң әдіснамасына, ашық деректерді пайдалануға қатысты практикалық білім алды. Оған қоса интернетте ақпаратты іздеу мен тексерудің озық әдістерін игерді.

Шараға Ашхабадтан және Түркіменстанның түрлі велаятынан 52 адам қатысты. Қатысушылардың арасында журналистер, редакторлар, ЖОО оқытушылары, медиа сарапшылар, продюсерлер мен медиа-креаторлар болды. Трениңге жалпы 229 өтінім келіп түсті. Бұл көрсеткіш Түркіменстанның сараптама және медиа қоғамдастығындағы медиа сауат пен фактчекиң тақырыбы өте қызықтыратынын көрсетеді.

Трениң аяқталғаннан кейін қатысушылар өздерінің мультимедиялық материалдарымен жұмыс істей бастады. Ең белсенді 15 қатысушы 2024 жылдың шілдесінде Ыстамбұлда өтетін медиа және ақпараттық сауат және фактчекиң бойынша тренерлерге арналған төрт күндік трениңге шақыру алады.

Шара ұйымдастырушылары: MediaNet Халықаралық журналистика орталығы, Factcheck.kz жобасы, Түркіменстандағы АҚШ Елшілігі мен “Түркіменстан экономистер одағы” ұлттық қоғамдық бірлестігі.