Алматыда өңірлік базалық тренингтердің үздік түлектері үшін OSINT құралдары бойынша кеңейтілген оқыту өтті

11-12 қыркүйек күндері Алматы қаласында көктемде өткен өңірлік офлайн-трениңдердің 25 үздік түлегіне арналған OSINT (open-source intelligence) бойынша екі күндік мамандандырылған тренинг ұйымдастырылды.

Трениңге Атырау, Қарағанды, Қостанай, Астана, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және еліміздің өзге де қалаларынан келген журналистер, редакторлар, журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Бағдарлама ашық деректермен жұмыс істеудің практикалық құралдарына бағытталды. Қатысушылар геолокацияны карталар арқылы анықтау, бет-әлпетті тану және іздеу әдістерін меңгеріп, сондай-ақ болашақ фактчекиң материалдарына арналған идеяларды талқылау үшін брейнштормиң жасады.

Сабақтарды тәжірибелі халықаралық тренерлер – OCCRP және Bellingcat ұйымдарының журналистері жүргізді.

Трениң қорытындысы бойынша қатысушылар фактчекиңге негізделген материалдарын дайындап, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Бұл трениң – MediaNet жүзеге асырып жатқан медиасауат пен сыни ойлауды дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Бағдарламаның келесі кезеңінде Алматыда қазан және қараша айларында 8–9 сынып оқушыларына арналған офлайн-дәрістер ұйымдастырылады.

Трениңді The Nippon Foundation қорының қолдауымен «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырды.