САУАЛНАМА: Қазақстандықтар ҚҚС көтерілуінен өмір сүру деңгейі нашарлайды – баға өседі, жұмыссыздық артады және бизнеске қысым көбейеді деп қауіптенеді
Азаматтардың 61,4%-і салықтың көтерілуі өмір сапасына кері әсер ететініне сенімді.
2025 жылдың 4 қарашасынан 13 қарашасына дейінгі аралықта DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Қазақстандағы салық реформасын сезіну» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді, бұл құжатта шағын және орта бизнеске ҚҚС мөлшерін 12%-тен 16%-ке көтеру көзделген. DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі қоғам жаңа салық реформасын айтарлықтай күмәнмен қабылдағанын көрсетіп отыр.
Респонденттердің көпшілігі (жалпы 61,4%) салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына кері әсер ететініне сенімді. Соның ішінде 32,4%-і салықтың көтерілуі өмір сүру деңгейін айтарлықтай нашарлатады деп санаса, 29%-і нашарлайды, бірақ қатты емес дейді. Ал респонденттердің 20,6%-і салықтың көтерілуі өмір сүру сапасына ешқандай әсер етпейтінін айтса, 9%-і ҚҚС көтерілуі айтарлықтай және аздап болса да өмір сапасын жақсартады деп есептейді.
Үкімет ҚҚС мөлшерін көтеру себебін экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік шығындарды жабу мақсатында бюджетке түсетін түсімді арттыру қажеттігімен түсіндіреді. Алайда сауалнама нәтижесі азаматтардың көпшілігі мұнымен келіспейтінін көрсетіп отыр.
Керісінше, респонденттер ҚҚС көтерілуі нәтижесінде:
- Тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды (65,5%)
- Орта және шағын бизнес субъектілерінің саны қысқарады (27,3%)
- Жұмыссыздық артады (26,5%)
- Көлеңкелі экономика мен салықтан жалтару күшейеді (19,6%) деп санайды.
Дегенмен, респонденттердің бір бөлігі оң әсер туралы да айтты. Олардың ойынша, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімі артады (18,2%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі көтеріледі (9,4%). Респонденттердің 12,6%-і реформа ешқандай өзгеріске алып келмейді деп санайды. Бұл сұрақта үш нұсқаға дейін таңдауға мүмкіндік берілді.
Салық реформасының көп сыналып жүрген ықтимал салдарының бірі шағын және орта бизнестің (ШОБ) жағдайы нашарлайды деген тұжырым. Сауалнама кезінде респонденттерге ҚҚС көтерілуі бизнес сектордың жағдайына қалай әсер ететінін бағалау туралы сұрақ қойылды. Көпшілігі (63,6%) кері әсер ететініне сенімді. 14,8%-і еш әсер етпейді десе, 10,3%-і оң әсер етеді деп ойлайды.
ШОБ үшін кері салдарын болжау салық реформасын жалпы бағалаумен сәйкес келеді. Қазақстандықтардың жартысынан астамы (52,8%) ҚҚС көтеру деген идеяның өзіне теріс қарайтынын көрсетті, 33,4%-і бейтарап қараса, тек 7,8%-і ғана ҚҚС көтерілуін оң бағалаған.
Фискалдық реформаны бағалауда ШОБ өкілдерінің пікірі айрықша маңызды. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнес иелері арасында 70,5%-і алдағы өзгерістерді қабылдамайды, осының өзі салық реформасының салдарына алаңдау жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Зерттеуге сәйкес, азаматтардың көпшілігі ҚҚС көтерілуінен бәрінен бұрын мемлекет (63,8%) және халықтың бай топтары (27,9%) ұтады деп есептейді.
Сонымен бірге, кей қазақстандықтардың ойынша, реформадан бизнес (10,2%), орта тап (3,3%) және халықтың осал топтары (2%) ұтады. Әр бесінші респондент (19,2%) реформадан ешкім ұтпайтынына сенімді болса, 2,4%-і барлығы ұтады деп санайды.
Тағы бір маңызды көрсеткіш ҚҚС көтерілуі есебінен бюджетке қосымша салық түсімі түскен жағдайда мемлекеттің оны тиімді жұмсайтынына сенім деңгейі болды. Респонденттердің жалпы 55%-і мемлекетке сенбейтінін көрсетті: оның ішінде 41,6% сенбейтін болса, 14,6%-і сенбейтін шығармын дейді. Ал 32,5%, керісінше, мемлекетке сенеді: 22,5% сенетін сияқтымын десе, 12,7%-і толық сенеді.
Азаматтардың хабардар болу деңгейі де жүргізіліп жатқан реформаның маңызды көрсеткішінің бірі. Сауалнама қазақстандықтардың жартысы (47,5%) Қазақстанның жаңа Салық кодексі туралы бірінші рет естіп отырғанын көрсетті, ал сарапшылар бұл құжаттың бүкіл халыққа қатысы бар деп санайды. Сонымен бірге, респонденттердің үштен бірі (34,9%) жаңа Салық кодексі туралы бірдеңе естігенімен, егжей-тегжейін біле бермейді, 17%-і өте жақсы хабардар.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер мен бизнесмендер арасында жаңа құжат туралы білетіндердің шамасы айтарлықтай жоғары – жалпы 69,6%.
DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі қоғам көбінесе салық реформасын күмәнмен қабылдайтынын көрсетіп отыр, көпшілік реформа экономиканың стратегиялық маңызды секторы – кәсіпкерлер мен бизнес иелеріне қысым жасайды деп санайды. Қазақстандықтар бұл реформа мемлекетке және ауқатты азаматтарға пайдалы құрал, ал осал топтар мен бизнес қауымдастыққа теріс әсер етеді деп есептейді.
Салыққа қатысты өзгерістер туралы жеткілікті деңгейде хабардар болмау және көпшіліктің өмір сүру деңгейі нашарлайтынына көзсіз сенімді болуы жалпы мемлекеттің бастамаларына деген сенімсіздікті және мемлекетке қоғаммен тиімді байланыс орнату жетпейтінін көрсетеді.
Сауалнаманың толыққанды нәтижесін жобаның сайтынан көре аласыздар. Қазақ және орыс тілдеріндегі баспасөз релизі мен инфографикалар мына сілтемеде. Материалды пайдалану кезінде DEMOSCOPE сайтына сілтеме жасау міндетті.
______________________________________________________________________
Әдістеме: Сауалнамаға 2025 жылдың 4 қарашадан бастап 13 қарашаға дейінгі аралықта 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан (Астана, Алматы, Шымкент) 1100 адам қатысты. Сауалнама Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында телефонмен сұхбат құру түрінде жүрді. Іріктеуге кездейсоқ сандар көмегімен алынған нөмірлер базасы негіз болды. Телефон сауалнамасын «КТ CloudLab» ЖШС байланыс орталығы жүзеге асырды. Сауалнамаға 18 жастан асқан 47,4% ер адам мен 52,6 пайыз әйел адам қатысты. 66%-і қазақ тілінде жауап беруді құп көрсе, 33%-і орыс тілінде жауап берді. Респонденттердің 77,9%-і – қазақ, 10,2%-і – орыс, 11,5%-і – басқа ұлт өкілдері. Респонденттердің 68,9%-і қалада тұрса, 30,7%-і ауылдық жерді мекендейді. Деректер жауап берушілердің жынысы мен жасы сияқты көрсеткіштерге қарай өлшенді. 95% ықтималдығы бар қате мөлшері 3%-дан аспайды. Респонденттердің қол жеткізу деңгейі (response rate) 9,6%. Сауалнаманы «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» ҚҚ Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Сауалнама деректері респонденттердің жеке пікірін білдіреді. Қосымша ақпаратты үйлестіруші Снежана Цойдан алуға болады: snezhana.tsoy@medianet.ngo.
