ҚР ОСК DEMOSCOPE бюросына конституциялық реформа туралы сауалнама жүргізуге рұқсат бермеді

ҚР ОСК қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізуге рұқсат бермеу жөніндегі шешімімен келіспейтіні туралы MediaNet Халықаралық журналистика орталығының ресми мәлімдемесі

20.02.2026
Алматы қ.

«MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры ҚР Орталық сайлау комиссиясының (ҚР ОСК) DEMOSCOPE қоғам пікірінің экспресс-мониториң бюросына «Қазақстандықтардың конституциялық реформаға көзқарасы» тақырыбында сауалнама жүргізу туралы 2026 жылдың 9 ақпанындағы MediaNet хабарламасын қараудан бас тартуымен келіспейді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес, MediaNet Халықаралық журналистика орталығы қоғам пікіріне, оның ішінде сайлау және референдум тақырыбы бойынша 2012 жылдан бері үнемі сауалнама жүргізеді. Бұған ҚР ОСК-нан бұрын алған ресми хабарламалар дәлел (27.06.2019 ж. №ОСК-580-133/1217, 03.03.2023 ж. №ОСК-402/346).

Алайда, ҚР ОСК конституциялық реформа туралы сауалнама жүргізуге рұқсат бермеу негізі ретінде (2026 жылдың 10 ақпанындағы № ЗТ-2026-00565262) «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 8-3-бабына сілтеме жасайды, оған сәйкес, халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттiк органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады.

Сауалнама референдуммен байланысты дербес іс-шара емес, сондай-ақ басқа шараны қамтамасыз ететін элементке де жатпайтындықтан, ҚР ОСК заңнаманың нормаларын дұрыс түсіндірмейді деп санаймыз. Шетелден қаржыландырылатын сауалнама “Референдум туралы” заңның талабына еш қайшы емес.

Бұған қоса, сауалнама өткізу «Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттелетінін, оған «MediaNet Халықаралық журналистика орталығы» мен DEMOSCOPE қоғам пікірінің экспресс-мониториң бюро жобасы толығымен сәйкес келетінін еске саламыз.

Осымен екінші рет әлеуметтік сұрау жүргізуге рұқсат бермей отыр. Бұдан бұрын ҚР ОСК  2024 жылдың 1 қазанында Қазақстанда АЭС салумен байланысты референдум жөнінде зерттеу жүргізуге рұқсат бермеген болатын. 

Осылайша, ОСК шешімі қоғамның пікіріне тәуелсіз мониториң жүргізу мүмкіндігін шектейді, транспаренттілік принципін бұзады және қоғамның Қазақстанда жүргізілетін конституциялық реформа туралы көзқарасы мен оған деген сенім деңгейі жөнінде тәуелсіз және рас ақпарат алу мүмкіндігін азайтады.

Біз ҚР ОСК сауалнама жүргізуге тыйым салу туралы шешімін қайта қарастыруға шақырамыз. Шешім қабылдау кезінде азаматтардың шынайы ақпарат алудағы мүддесі, сондай-ақ билік пен азаматтық қоғам арасындағы өркениетті диалогтың қажеттігі ескеріледі деп ойлаймыз.