Медиа мен ҮЕҰ-ның 18 өкілі жасанды интеллект құралдарымен танысты
Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен медиа жұмысында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдаланудың маңызы зор. Себебі ол басқару процесін жүйелеуге, саралап шешім қабылдау үшін көлемді деректерді талдауға көмектеседі, мақсатқа жетуді жеңілдетіп, жұмыс тиімділігін арттырады. ЖИ күн сайын өзгеріп жатқан, тұрақсыз жағдайларға бейімделуді үйретеді, үрдістерді болжауға көмектеседі және дербес контент пен коммуникация арқылы аудиторияның қызығушылығын арттырады.
2023 жылдың 10-11 қарашасында Алматы қаласында «AI LAB: ҮЕҰ мен медиаға арналған жасанды интеллект құралдары» трениңі өтті.
Free Press for Eastern Europe (FPEE) продюсері әрі редакторы, Прага Медиа Мектебінің тренері Виталий Ругайн тренер болды.
Іс-шара қатысушыларды ЖИ әлеміне еліктіріп әкетіп, әлеуметтік міндеттерді шешу және кәсіби қызметті жақсарту үшін осы құралдармен қалай жұмыс істеу керегін үйретіп, негізгі қағидаттарын тәжірибе жүзінде көрсетті.
ҮЕҰ мен медианың 18 өкілі алған білімін жүзеге асырып, ЖИ құралдарын пайдаланып мультимедиялық контент құрды, қазіргі және болашақ жобаларына қажет дағдыларын, сондай-ақ сарапшы ретінде зерттеу жүргізу қабілеттерін шыңдады.
Іс-шараны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен ұйымдастырды.