Factcheck.kz жаһандық фактчекиң бағдарламасы аясында Meta компаниясының Қазақстандағы алғашқы серіктесі атанды
Meta корпорациясы Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі дезинформацияны әшкерелеу үшін қазақстандық Factcheck.kz сайтын вирусты дезинформация мен жалған ақпаратты анықтайтын бағдарламасына қосты.
Үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері оған дүние жүзінде 60-тан астам тілде жұмыс істейтін әрі Халықаралық фактчекиң желісінің (IFCN) қатаң іріктеуінен өткен 100-ден астам тәуелсіз ұйым қосылды. Бағдарламаға қатысатын фактчекерлер дезинформацияны әшкерелеп, оған жалған, ішінара не жартылай жалған я болмаса өзгертілген деген баға береді.
Meta жалған ақпаратпен тиімді күресу үшін контенттің рас-өтірігін тексеретін әлемнің түкпір-түкпіріндегі тәуелсіз фактчекерлермен серіктестік орнатқан. Фактчекерлер ақпаратты жалған, ішінара жалған я болмаса өзгертілген деп бағалаған соң, Meta пайдаланушылардың ол жаңалықты көру мүмкіндігін азайтады. Бұл жалған ақпараттың тарауын тежеп, оны көретін адам санын азайтуға көмектеседі. Жалған контентті жиі жариялайтын парақшалар, топтар мен аккаунттардың көрілімі азайып, олардың монетизация мен жарнама жасау мүмкіндіктері шектеледі. Жазба жалған деп белгіленсе, Meta жазбаны көрген не оны бөліскісі келген адамдарға бұл туралы ескертеді.
Маңызды ескерту: фактчекерлер контентті не аккаунттарды жоюмен я болмаса оларды Meta платформаларында бұғаттаумен айналыспайды, бұған жауапты емес. Фактчекерлер Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі жалған ақпаратты әшкерелеп, қаншалықты бұрмаланғаны жөнінде баға береді. Контент пен Meta-ның тәртібіне сәйкестікті тексеру процесі тәуелсіз фактчекиң жүргізетін үшінші тарап бағдарламасынан бөлек жұмыс істейді.
Meta компаниясының стратегиялық серіктестікті дамыту менеджері Николь Хан Factcheck.kz пен Meta серіктестігі туралы ойын білдіріп, «Meta платформаларындағы жалған ақпаратты азайтуға қатысты жұмысымыз жалғасып жатыр және бүгін Factcheck.kz Meta компаниясының Қазақстандағы үшінші тараптың фактілерді тексеру бағдарламасына қосылғанына қуаныштымыз. Meta платформаларын қолданушылардың сенімді ақпарат тұтынуы үшін істеп жатқан жұмысымызға Factcheck.kz атсалысады», – деді.
Factcheck.kz – 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан MediaNet Халықаралық журналистика орталығының жобасы, Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби фактчекиң ресурсы. Factcheck.kz 2018 жылдан бері әлемнің жетекші фактчекерлерін біріктіретін Халықаралық фактілерді тексеру желісінің (IFCN) сертификатталған мүшесі.
Қосымша ақпарат үшін:
Meta баспасөз қызметі press@meta.com
Мөлдір Утегенова utegenova@medianet.ngo