FactCheck Dive: 2024 жылдың қорытындысы
FactCheck Dive жобасы 2024 жылдың қаңтарында MediaNet ұйымы мен The Nippon Foundation қолдауымен іске қосылды. Бұл жоба Қазақстанда медиасауат пен фактчек дағдыларын дамыту жолындағы маңызды қадамға айналып, ақпараттандыру мен сыни ойлау қабілетін арттыруға бағытталған іс-шараларға 100-ден астам қатысушыны біріктірді.
FactCheck Dive аясында бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылды: Фактчек бойынша онлайн-курс, OSINT зерттеу журналистикасының құралдарына арналған офлайн-воркшоп, оқушыларға арналған білім беру тренингтері.
Фактчек бойынша онлайн-курс
50-ден астам қатысушы Factcheck.kz тәжірибелі тренерлерінің жетекшілігімен фактчек негіздері мен әдістерін меңгерді. Бұл курс цифрлық ақпарат заманында фактілерді тексерудің маңызды құралына айналды. Біз барлық қатысушыға олардың белсенділігі мен фактчекинг саласындағы білімін тереңдетуге деген ұмтылысы үшін алғысымызды білдіреміз.
OSINT құралдары бойынша офлайн-воркшоп
Жобаның маңызды іс-шараларының бірі ретінде фактчек дағдыларын жақсартуға және OSINT құралдарын терең зерттеуге арналған офлайн-воркшоп өтті. Бұл шараға онлайн-курстың үздік түлектері шақырылып, 25 қатысушы ашық деректермен жұмыс істеу бойынша құнды білім мен дағдыны меңгерді. Тренерлер ретінде ашық деректер негізінде зерттеу жүргізумен танымал Bellingcat халықаралық ұйымының мамандары шақырылды. Тренерлерге жоғары кәсіби жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз, ал қатысушыларымыздың алған білімдерін іс жүзінде қолданғанын мақтанышпен айтып отырамыз.
Түлектердің маңызды үлесі
Курс пен воркшоп түлектеріне ерекше назар аудару қажет, өйткені олар тек оқумен шектелмей, Factcheck.kz платформасында жарияланған мақалалардың авторы болды. Сіздердің жұмыстарыңыз дезинформациямен күреске маңызды үлес қосып, тексерілген ақпарат көздеріне деген сенімді арттырды. Біз сіздермен мақтанамыз және бұл тәжірибе сіздерге журналистика мен фактчек саласында жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенеміз.
Мектеп оқушыларына арналған білім беру іс-шаралары
Жоба аясында Алматы қаласындағы №5 және №73 мектеп-гимназияларында сыни ойлау мен медиасауат бойынша екі воркшоп өтті. Бұл шараларға 50-ден астам оқушы қатысып, медиасауат пен киберқауіпсіздік негіздерімен танысып, ақпаратты сыни талдауды және кибербуллингке қарсы тұруды үйренді. Осы тренингтердің нәтижелері туралы USTAZALEMI ғылыми-педагогикалық журналы мақала жариялады. Бұл осы шаралардың білім беру қауымдастығы үшін маңызын айқындай түседі. Бұл — дезинформация мен медиадағы манипуляцияларға қарсы тұра алатын жаңа ұрпақты қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам.
FactCheck Dive жобасына қатысқан барлық қатысушыға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің күш-жігерлеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында жоба сәтті жүзеге асты. Алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз дезинформациямен күресте қоғамның игілігіне үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.
The Nippon Foundation ұйымының қолдауы арқасында осындай маңызды жобаны іске асыра алдық. 2025 жылы оқыту мен өсу мүмкіндіктерін одан әрі дамыту және кеңейту жұмыстарын жалғастырамыз. FactCheck Dive жобасы аясында жасалған әрбір қадам Қазақстан азаматтарының медиасауаты мен сыни ойлауын арттыруда ұзақ мерзімді нәтиже беретініне сенеміз.