MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Factcheck.kz редакциясының Темірлан Еңсебекке қатысты мәлімдемесі

MediaNet Халықаралық журналистика орталығы мен Factcheck.kz редакциясы Темірлан Еңсебектің ұсталуын негізсіз әрі саяси астары бар деп санайды және оған қатысты қылмыстық қудалауды дереу тоқтатуға шақырады. Журналистер мен азаматтық белсенділерге қысым көрсету Қазақстандағы сөз бостандығы мен адам құқықтарына қауіп төндіреді, біз мұндай шараларды қатаң айыптаймыз.

Сонымен қатар, араздық тудыруға қарсы күрестегі қолданыстағы заңнаманың, атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабын тиімсіз және қайта қарауды қажет етеді деп санаймыз.

Article 19 секілді Біріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған беделді халықаралық ұйымдардың өшпенділік тілін реттеуге арналған айтарлықтай тиімді тәсілдері бар:

1. Қылмыстық жазадан бас тарту – көп жағдайда азаматтық-құқықтық санкция қолдануға болады. Қылмыстық қудалау тек ең ауыр жағдайда, соңғы шара ретінде рұқсат етіледі.

2. Өшпенділік тілін бағалаудың нақты критерийлерін қалыптастыру керек – заңнама Қылмыстық кодекстің 174-бабын ой еркіндігін басу үшін пайдаланылмайтындай анық жазылуы керек, екіұшты түсіндірілмеуі тиіс. Бұл қоғамға нақты талаптарды білуге, ал мемлекетке ұнамайтын адамдарды қудаламауға мүмкіндік береді.

Өшпенділік тіліне қатысты толығырақ factcheck.kz сайтынан оқи аласыз.